ОТЫРАРДА КІТАП «ОҚИТЫН СЫНЫП» КӨШ БАСТАДЫ

Білім мен рухани дамудың негізі – кітап оқу екені белгілі. Осы бағытта Отырар ауданы, М.Әуезов мектебінде ұйымдастырылған «Оқитын сынып» жобасы оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың ой-өрісін кеңейтуге мол мүмкіндік берді. Қазан айынан бастап сәуір айының соңына дейін жалғасқан мектепішілік бұл жобаға әр мектептен бір сынып қатысып, өзара бақ сынады.

Аталған шара аясында 6 «А» сынып оқушысы Гүлден Балтабай 12 кітап оқып, Сапарғали Бегалиннің «Көксегеннің көргендері» шығармасын жоғары деңгейде қорғады. Осылайша озық ойлы оқушы аудандағы 32 білім ошағының арасынан бас жүлдені олжалап, аудандық кезеңге жолдама алды. Бұл – тек бір оқушының ғана емес, бүкіл сыныптың және сынып жетекшісі Айгүл Бозымбаеваның ортақ жетістігі. Сыныптағы 24 оқушының барлығы кітап оқып, ең кемі бір кітапты аяқтады. Оқушылар арасында 10, 11, 5-6 кітаптан, сондай-ақ 3 кітаптан оқығандары да болды.

Жоба барысында оқушылар тек кітап оқумен шектелмей, алған білімдерін таразыға салып, ортақ ой бөлісіп, өз пікірлерін еркін жеткізе білді. Сонымен қатар, мектепте ақын-жазушылардың мерейтойларына арналған тәрбие сағаттары мен дөңгелек үстелдер ай сайын ұйымдастырылып отырды. Атап айтқанда, Абайдың 180 жылдығы, Жамбылдың 180 жылдығы, Шоқанның 190 жылдығы, Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығы, Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы және Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған іс-шаралар өткізілді. Осындай тағылымды кездесулер арқылы оқушылар қаламгерлердің шығармаларын тереңірек танып, сонымен қатар шетел әдебиеттерін де қызыға оқыды. Бұл олардың танымдық деңгейінің өсіп, рухани көкжиегінің кеңейгенін көрсетеді.

«Оқитын сынып» жобасы оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастырып қана қоймай, олардың білімге деген құштарлығын арттырды. Мұндай жобалар жас ұрпақтың жан-жақты жетілуіне, ойлау қабілетінің дамуына үлкен септігін тигізеді. Себебі, кітап оқитын ұрпақ – болашағы жарқын елдің кепілі екені сөзсіз.

Әлия ӘУЕСБЕКОВА