Құстар – өзгеше болып жаратылған құбылыс иесі. Бейнебір біздің аспан әлеміндегі қорғаушымыз сияқты. Сияқты емес, дәл солай.
Себебі көк аспан – олардың туған мекені. Көкті құссыз, құсты көксіз елестету қиын. Біздің көгімізде құстар сайрап жүрсе, жердегі адамдар да тыныш, бейбіт өмір сүре алады. Біз көкке қарағанда көзіміз ең әуелі ұшқан құсқа түседі. Көп жағдайда күйкі тірлікпен олардың тыныс-тіршілігіне мән беріп, тіпті көкке көз тастап, бір де бір рет қарамайтын да сәттеріміз болады. Ал, егер құстардың көкте ұшқанын, жерге қонғанын зер салып, бақылап қарайтын болсаң, олар бейнебір жұмбақ құбылыс сияқты.
Амангелді аудандық кітапханасы 1 сәуір – Құстар күніне орай «Балдырған» балабақшасының «Қызғалдақ» тобын кітапханаға саяхаттауға шақырды.
Шара барысында алдымен бұл мерекенің пайда болу тарихы, жалпы табиғат туралы және табиғатты қорғау қажеттігі туралы айтылды. Кітапханашы әртүрлі құстардың суреттерін көрсетіп, балалар сол құс туралы білетіндерін, ата-аналарымен табиғатқа, құстарға қандай қамқорлық жасайтынын айтты.
Іс-шара соңында бүлдіршіндер ұя жасап, кітапхана ауласындағы ағаштарға орнатты.
Бұл шара табиғатқа деген жанашырлық қана емес, сонымен бірге балаларды адамгершілікке, ізгілікке үндейді.
Зарина МУСАБАЕВА,
Амангелді аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі,
Қостанай облысы.