ҒАЛАМТОРҒА ҚАРАП БАЛА ОТЫР...

ҒАЛАМТОРҒА ҚАРАП БАЛА ОТЫР...

Баланың интернеттегі қандай ақпарат беттеріне кіріп, онда қаншалықты қауіпсіз мәлімет оқып отырғандығы әрбір ата-ананы алаңдатуға тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі ата-ана смартфонды қолқанат етіп алды. Бала жыласа да, өзінің қолы тимей жатса да телефонды ұстата қояды. Бұл ең бірінші баланы интернетке тәуелді етеді.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

БІРІНШІ:  Балаға тыйым салынған сайттар тізімін, ғаламторда өткізілген уақытты және интернетте (соның ішінде чаттар тізімінде) байланысу үшін нұсқаулықты көрсету керек.

ЕКІНШІ: Балаңыздан вертуалды достары жайында көбірек сұраңыз, олар немен шұғылданып, қандай жайттарға әуестігін біліңіз. Сонымен қатар, қандай адамдармен хат-хабар алысып, кімге көп хабарлама жіберетіндерін сұраңыз, қатаң бақылауға алыңыз. Және бұл адамдар оның таныстары екендігіне көзіңізді жеткізіңіз.

ҮШІНШІ: Балалар қандай чаттарға тіркелгені, ақпарат жинау үшін қандай сайттарға кіретінінен хабардар болыңыз. Бүлдіршіндердің жасырын режимде сөйлесуіне жол бермеңіз.

ТӨРТІНШІ: Ғаламтордағы достарымен жеке кездесуге ешқашан келісім бермеңіз.

БЕСІНШІ: Балаға электрондық пошта, сөйлесу бөлмелері, жылдам хабар алмасу жүйелері, тіркеу формалары, дербес профильдер арқылы және интернеттегі конкурстарға тіркелу кезінде ешқашан жеке ақпаратты таратуға болмайтының ұғындырыңыз.

АЛТЫНШЫ: Балаға өзіңіз рұқсат берген ғана бағдарлама, музыка немесе файлдарды жүктеуін қадағалаңыз. Басқа жағдайда олар авторлық құқықты және сол арқылы заңды бұзуы мүмкін екенін, айыппұл келетінін түсіндіріңіз.

ЖЕТІНШІ: Балаңызға ғаламтор арқылы біреу қоқан- лоқы қөрсетіп, дөрекі сөйлеп, мазасын алса сізге айтуын ескертіңіз. Бала сізге сену үшін онымен ашық, достық қарым-қатынас орнату маңызды.

СЕГІЗІНШІ: Спамдардан қорғануға көмектесіңіз. Баланың құлағына интернет арқылы мекен-жайды мүлдем беруге болмайтынын құя беріңіз, танымайтын адамдардан түскен хабарламаларға жауап бермеуін қадағалаңыз және арнайы пошта сүзгілерін пайдаланыңыз.

ТОҒЫЗЫНШЫ: балаларыңыз кіретін сайттарды өзіңіз көріп шығыңыз. Олардың қорлау мазмұны бар сайттарға кірмейтініне, жеке ақпаратты немесе фотосуреттерін жарияламайтындығына көз жеткізіңіз.

ОНЫНШЫ: балаларды қатыгездікке және зорлық-зомбылыққа үгіттейтін интернет ресурстарынан қорғаңыз. Бұл сіздің міндетіңіз.

ОН БІРІНШІ: интернеттегі заттарды сатып алу немесе сату алдында балалар сізбен кеңесетін болсын, осыған тәрбиелеңіз.

ОН ЕКІНШІ: балалармен ғаламтордағы құмар ойындары жайында және одан келетін қауіп туралы сөйлесіңіз. Оларға бұл заңсыз екенін ұғындырыңыз.

 

Жас ерекшелігіне қарай, мәселен лудомания туралы қалай түсіндіруге болады?

5–7 ЖАС

Балам, көріп жүрмін кейбір ойындар өте қызық болады.  Сен бас алмай қарап отырасың, тіпті біздің жаныңда отырғанымызды ұмытып кетесің. Осылай адамдар тоқтай алмай қалады. Сенде қалай? Болды енді көрмеймін, ойнамаймын десең телефонды жауып тастай аласың ба?  Бұл құмарлық.  Сен сенің қалағаныңды орындау үшін ақшаның өте керек екенін білесің ғой.  Ойындарды бас алмай ойнай берсең, ақша кетіп қалады. Сондықтан тоқтай алмасаң— маған айт.

8–12 ЖАС

Балам, кейбір адамдар ойынға қатты беріліп кетеді. Ондай адамдар тоқтай алмайтыны сонша, байып кетемін, тез ақша табамын деп ақша тігіп ойнайды, бірақ көбіне ұтылады. Бұл «лудомания» деп аталады. Осы есіңде жүрсін. Ойынға құмарлық бірден басталмайды, оған адам дағдыланады. Егер ойынды күнде ойнайтын болсаң, ол дағдыға айналады. Бұл жақсы емес. Осыны есіңе сақта, ұмыт па?  Еңбекпен тапқан ақша ғана адамға жақсы көңіл күй сыйлайды. Тез келетін ақша ешкімге жақсылық сыйлаған емес. Оған мысал көп. Ол туралы кітаптар да көп. Қаласаң, бірге оқиық.

ЖАСӨСПІРІМ

Бұл жастағы балаларға лудоманияның тәуелділік екенін ашық айтып, түсіндіре беруге болады. Мысал келтіріңіз. Бірге осы тақырыптағы киноларды көруге болады. Егер балаңыздың бойынан тәуелділік байқасаңыз, мүмкіндігінше сезіміне әсер ететін жағдайларды қарастырыңыз.

 «АҚЫЛДЫМ»