«KONEBOOK» ЖОБАСЫМЕН ЖАҢА БІЛІМГЕ БАҒЫТТАДЫҚ

Мен Ерболұлы Исматулла, Түркістан облыстық Фараб кітапханасының Балалар бөлімінің кітапханашылары ұйымдастырып отырған «KoneBook» жобасының қатысушысымын. Әлеуметтік желіден жобаның таныстырылымы болатыны туралы хабарландыруды көріп, бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Осылайша жобаға қатысып, жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік алдым.

KoneBook жобасының таныстырылымы өте қызықты өтті. Маған әсіресе ұнағаны, тек кітаптан оқып қана қоймай, тарихи әрі киелі жерлерді өз көзімізбен көріп, бұрын білмеген мәліметтерді білу мүмкіндігі болды. Сонымен қатар саяхат барысында жаңа достар тауып, көпшілік ортаға араласу да ерекше әсер қалдырады деп ойлаймын.

Біздің алғашқы саяхатымыз Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бағытталды. Бұл күн мен үшін ерекше әрі есте қаларлық күндердің бірі болды. Біз жолға күннің ортасына қарай шықтық. Күн салқын болғанымен, саяхат өте қызықты өтті. Ауа райы да біздің көтеріңкі көңіл-күйімізге кедергі келтіре алмады.

Саяхат барысында Айнұр апай мен Ержан ағай бізбен бірге барды. Олар жол бойы бізге көмектесіп, тәртіп сақтап жүруімізді қадағалап отырды. Сонымен қатар Элеонора апай мен Балнұр апай кесене туралы көптеген қызықты мәліметтер айтып, тарихи орындардың маңызын түсіндірді. Олардың әңгімелері арқылы біз бұрын білмеген көптеген жаңа ақпараттарға қанық болдық.

Саяхатқа көптеген оқушылар қатысты. Арамызда Назима, Сұлтан, Ақсезім, Бахар, Мирас, Баян, Бақберген, Ұлдана, Гүлназ, Анажан және басқа да достарымыз болды. Біз бәріміз бірге жүріп, әрбір тарихи орынды үлкен қызығушылықпен араладық. Әсіресе Баян, Аруна, Мирас және Анажан өздерінің білетін мәліметтерімен бөлісіп, қызықты ақпараттар айтып отырды. Бұл саяхаттың одан сайын әсерлі өтуіне себеп болды. Мен де өзім білетін мәліметтерімді айтып, достарыммен пікір алмастым.

Кесенеге кірген кезде бізді Салтанат есімді апай қарсы алып, әрбір бөлме туралы толық әрі құнды ақпараттар берді. Сол жерде мен көптеген жаңа мағлұматтарға қанық болдым. Мысалы, Кіші Ақсарайда бұрын елге келген қонақтарды қарсы алғанын, ал Үлкен Ақсарайда хандар жиналып, маңызды мәселелерді талқылап, ант бергенін білдім. Бұл тарихи деректер мен үшін өте қызықты әсер қалдырды.

Кесенедегі ең ерекше жәдігерлердің бірі — Тайқазан. Бұрын мен оны тамақ пісіруге арналған деп ойлайтынмын. Алайда саяхат барысында оның ешқашан тамақ пісіру үшін қолданылмағанын білдім. Бұл да мен үшін жаңа әрі қызықты ақпарат болды.

Сонымен қатар біз Шығыс моншасы туралы да көптеген мәлімет алдық. Ол сол заманның маңызды мәдени орындарының бірі болған екен. Ал саяхаттағы ең әсерлі орындардың бірі, жерасты мешіті Қылует болды. Сол жерде Қожа Ахмет Ясауи атамыз пайғамбар жасынан артық өмір сүрмеу үшін қалған өмірін жер астында өткізгені туралы естідік. Бұл мәлімет мені қатты ойландырды.

Жалпы алғанда, бұл саяхат өте қызықты әрі пайдалы болды. Күн салқын болса да, жылы әсер алдық. Осындай танымдық әрі тәрбиелік мәні бар саяхаттар алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылса екен деген тілегім бар.

 

Исматулла ЕРБОЛҰЛЫ,

Ж.Ташенов атындағы №23 IT мектеп лицейінің оқушысы,

Түркістан қаласы