КІТАП МАҒАН ТАҚТАН ДА ҚЫМБАТ

Шекспирдің осы айтқанын негізге алып Келес ауданының кітапханашылары балаларды кітаппен таныстыру, оқыту апталығын өткізді.

Жалпы адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген еді Ғабит Мүсірепов.

Кітап туралы осындай тағылымдыы сөздерді теріп оқып қанаттанған аудандық балалар кітапханасының кітапханашылары «Кітап – ғажайып әлем!» атты халықаралық балалар кітабы апталығының ашылу салтанатын Ә.Кенжеев атындағы мәдениет үйінің фойесінде өткізді. Оған №3 Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің 3-сынып оқушылары қатысты. Апталықтың 1-інші күні ашық есік күні өтті.

Апталықтың 2-інші күні «Ойлан, тап, жеңіске жет!» атты кітапхана квесті ұйымдастырылып, шара барысында қатысушылар өзара «Сөз зергерлері» және «Кітап сақшылары» болып екі командаға бөлініп, бақтарын сынады. Әр топта 5 оқушыдан болды. Олар кітаптардың ішінен жасырын белгілерді тауып, суреттер арқылы мақал-мәтелдерді құрастырып, берілген әріптерден сөз құрастырып, жеңіске жету үшін бар күштерін салды.

Апталықтың 3-інші күні «Әдеби калейдоскоп» атты интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Өткізілген түрлі қызықты ойындар арқылы оқырмандар балалар ақын-жазушыларын танып, берілген сөзден бірнеше сөздер құрап, өлең-шумақтардың жалғасын тауып, түрлі сұрақтарға жаңылмай жауап беруге тырысты. Ойын барысында оқушылар өздерінің әдеби білімдерін көрсетіп қана қоймай, тапқырлық пен шапшаңдық танытты.

Апталықтың 4-інші күні кітапханашылар оқырмандарын «Жеңіс» саябағында қарсы алды. «Күншуақ» балабақшасының «Балғындар» тобының қатысуымен, «Ертегі кейіпкерлері: жақсылык пен жамандық» атты ертегі марафоны өтті. Шара барысында бүлдіршіндер қызықты ертегілер тыңдады. Жарысып, бір-бірінен қалыспай, ненің жақсы, не жаман екенін айтты.

5-інші күн «Көңілді ойындар күні!» деп аталды. Бұл шарада қатысушылар балалар ойынмен өсетініне куә болды.

6-ыншы күн «Мультфильмдер әлемі» деп аталды.  Мәдениет үйінің көрермен залында балабақша тәрбиеленушілері «Момын мен қарақшылар» және «Қажымұқан» мультфильмдерін тамашалады.

Апталықтың нәтижесі, кітапхана жаңа оқырмандармен толықты.

Апталықты ұйымдастырудағы мақсат – кітапхана мен оқырман арасын жақындату, оларды кітапхана өмірімен таныстыру, білімнің кілті кітап арқылы берілетінін ұғындыру, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру.

Алтынай ЖАНЕДИЛОВА,

Келес аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі.