Кейде бір сапар адамға жаңа ой, жаңа көзқарас сыйлап, өткенге деген құрметін арттырады. Осындай ерекше әсер сыйлаған жобалардың бірі – жас буынды туған елдің тарихымен жақын таныстыруды мақсат еткен «KoneBook – тарихқа саяхат» жобасы. Бұл жоба оқушылардың тарихи танымын кеңейтіп қана қоймай, олардың туған жер мұрасына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Бұл тағылымды жобаның таныстырылымы Түркістан облысы Фараб әмбебап ғылыми кітапханасында Балалар бөлімінің Зейнұрқызы Балнұр және Элеонора Балтабайқызының ұйымдастыруымен болатынын білдім. Осылайша Оспанова Айнұр апайымның демеуімен аталған жобаның таныстырылымына бардым. Онда өзім секілді көптеген оқушылар бақ сынауға келіпті. Түрлі сайыстардан олардың арасынан оқ бойы оза шығып, іріктеу кезеңінен өттім.
Тіпті мен осы жобаның іріктеу кезеңіне алғаш барғанда-ақ, өзім үшін жаңа әлем ашылатынын іштей байқаған болатынмын. Міне, енді қазір сол іріктеу сындарынан сүрінбей өтіп, тарихты көзбен көріп, жүрекпен сезініп отырғаныма шексіз ризамын. Бұл саяхат маған рухани азық беріп қана қоймай, болашағыма нық қадам басуыма үлкен серпін сыйлады.
Мен үшін бұл жобаның іріктеу кезеңі нағыз есте қаларлық сәт болды. Себебі жоба барысында түрлі ойындар мен интеллектуалдық сайыстарға белсене қатыстым. Өзімнің білім деңгейімді тексеріп, жаңа ілім мен тәжірибе жинадым. Сайыс соңында жеңіске жетіп, жолдама, карта және күнделік алдым, бұл мен үшін ерекше мәртебе еді. Шынымды айтсам, экскурсия жай ғана кезекті шара емес, өмірімдегі ерекше бір параққа, жүрегімде ұзақ уақыт сақталатын естелікке айналды.
Жасыратыны жоқ, «Kone book» жобасының жеңімпазы ретінде 19 досыммен Фараб кітапханасында жиналғанда-ақ, сол күннің ерекше боларын бала жүрегіммен сездім. Тіпті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барар жолдағы толқыныс, достарыммен арадағы әңгіме-дүкен мен алғашқы түскен суреттеріміз саяхатымыздың керемет бастауы еді.
Кесенеге жақындағанда бұрынғы үйреншікті көріністің өзгергенін көрдік – айналасы қоршалып, тәртіп орнапты. Бізбен бірге жүрген экскурсовод апайдың әңгімесін ұйып тыңдап, тарихтың тереңіне бір сәт сүңгіп кеткендей күйге ендік. Әсіресе, Үлкен Ақсарайға кіргенде Қаз дауысты Қазыбек бидің құлпытасын көріп, таңданысымды жасыра алмадым.
Үш бидің ішінде тек Қазыбек бидің ғана қазақ жерінде жерленгені, оны қыстыгүні сиырдың терісіне орап сақтағаны, күн жылығанда осында әкелгені туралы дерек мені терең ойдың құшағында қалдырып қойды. Ал, ортадағы Тайқазанның алдына келгенде, оның Иран шеберлерінің қолынан шыққанын, алыс жақтан елге қайтарылған мұра екенін естіп, кеудемді бейнебір мақтаныш сезімі кернеп кетті.
Ал мешіт бөліміндегі төбедегі «сталактиттер» (ұяшықтар) менің құрылысқа, архитектураға деген көзқарасымды өзгертті. Осыншама ауыр күмбезді көтеріп тұрған бөлмелердің құпиясы шынымен таңғаларлық.
Бірақ мен үшін ең қымбат сәт – Қылуетке барған кезіміз болды. Ақбаян екеуміз ол жердің тарихы мен құрылымы туралы жарыса айтып, біраз шулап та алдық-ау деймін. Сол кезде бізді сырттай тыңдап тұрған кісі өзін таныстырып, аға экскурсовод апай келіп:
«Сенің дауысыңда, сөйлеу мәнеріңде адамды баурап алатын қасиет бар, осы бетіңнен қайтпа», – деп берген батасы менің жүрегімдегі отты маздатты.
Ол кісі бізді, біз ол кісіні танымасақ та, бізге өзінің кеңесі мен батасын беріп кеткені көңілге жылу ұялатты. Осыдан екі жыл бұрын кітаптың бетін ашпайтын бала болсам, қазір Ясауи байқаулары мен осындай жобалардың арқасында тарихты жатқа соғатын деңгейге жеткеніме өзім де қуанамын.
Халқымызда «Қожа Ахметтен тіле, Арыстан бабта түне» деген даналық сөз бар. Осындай ерекше философиялық сөздердің мәнін талдап, талқыладық. Кесененің бітпей қалған сырларын, Арыстан баб пен Ясауи бабамыздың ұрпақтары жайлы аңыздарды айтып жүріп, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз.
Далада қатты жел соғып, күн суытса да, қасымызда жүрген Балнұр, Элеонора, Айнұр апайларымыздың жылуы мен Ерасыл, Ержан ағайлардың бізді таспаға түсіріп жүрген сәттері көңілімізді көтерді. Саяхат соңында ауыз бекіткен достарымызға берілген бір түйір құрттың өзі бізді мәз-мейрам күйге бөледі. Бұл күн маған рухани азық қана емес, болашағыма деген үлкен сенім сыйлады. Енді мен тарихты тек кітаптан оқымаймын, оны жүрегіммен сезінетін боламын.
Осылайша «KoneBook – тарихқа саяхат» жобасы мен үшін ұмытылмас әсерге толы, ерекше әрі маңызды тәжірибе болды. Бұл сапар мені тек өткен тарихымызбен таныстыруға ғана емес, сонымен қатар рухани құндылықтарымызды терең түсінуге, ата-бабамыздың өнегесін қадірлеуге және тарихи мұраларымызға деген құрметімді арттыруға ықпал жасады. Сонымен қатар, осындай жобалар жас ұрпаққа тек білім беріп қана қоймай, олардың өз туған жерін жақсырақ тануға, тарихи тұлғаларымыздың өмірін бағалауға және өз мәдениетімізге деген сүйіспеншілігін күшейтуге көмектеседі. Мұндай тағылымды тәжірибелер әрбір жасқа өз-өзін жетілдіру, болашағына сеніммен қадам басу және елінің тарихын мақтанышпен сезіну мүмкіндігін сыйлайды. Сол үшін де осындай жобалардың маңызы орасан зор және оларды қолдау әрдайым маңызды.
Мирас ОҢАЛҰЛЫ
Бауыржан Момышұлы атындағы №22-ші мектеп оқушысы,
Түркістан қаласы